
ЕҰУ-дің 30 жылдығына орай түлек Ержан Тастамбековтан 30 грант

Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ЕҰУ түлегі, «Zebra Coffee» компаниясының негізін қалаушы әрі директоры Ержан Тастамбеков өз альма-матер студенттеріне арналған 30 білім грантын тағайындады.
Бұл — оның университет жастарына көрсетіп отырған алғашқы көмегі емес. Соңғы үш жыл бойы Ержан Тастамбеков студенттерді қолдап, олардың білім алуына және жеке дамуына мүмкіндік беріп келеді. Грант иегерлерін таңдау дәстүрлі түрде оның төрағалығымен жұмыс істейтін арнайы комиссия арқылы жүзеге асады. Биыл грант иегерлері ЕҰУ-дің әртүрлі факультеттерінен — гуманитарлық және техникалық бағыттардан, 1–3 курс студенттері арасынан анықталды.
Соңғы жылдары ЕҰУ түлектерімен байланыс едәуір нығайып келеді. 2022 жылы олардың бастамасымен ENU Endowment Fund қоры құрылып, қысқа уақыт ішінде 50-ден астам студент стипендия мен грант иегері атанды.
Мұндай бастамалар университет түлектерінің келер ұрпақтың дамуына қосқан үлесін көрсетеді. Олар дарынды жастарды қолдап, сабақтастық дәстүрін нығайтады. Ержан Тастамбековтың үлгісі — өз университетінің өркендеуіне үлес қосуға ниетті әрбір түлекке шабыт беретін жарқын мысал.
