
Қытайда ЕҰУ Түлектер қауымдастығының филиалы өз жұмысын бастады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түлектер қауымдастығы халықаралық желісін кеңейтуді жалғастыруда.
Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында ЕҰУ Түлектер қауымдастығының филиалы өз жұмысын бастады. Жаңа өкілдік Қытайда тұратын және еңбек ететін университет түлектерін біріктіріп, кәсіби және ғылыми байланыстарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қытайда білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия алған Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болып табылады. Бұл ЕҰУ-дың халықаралық беделінің артып, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
ЕҰУ-дың Қытайдағы қызметінің кеңеюі екі ел арасындағы ауқымды академиялық ынтымақтастықтың заңды жалғасына айналды. Тяньцзинь қаласында ЕҰУ мен Нанькай университеті бірлесіп жүзеге асыратын «Экономика» және «Халықаралық бизнес және стратегиялық сауда бақылауы» магистрлік білім беру бағдарламаларының салтанатты ашылуы өтті. Бұл – Қытай Халық Республикасының 180 магистрантына арналған қазақстандық-қытайлық бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асырудағы алғашқы тәжірибе.
2023 жылы әзірленіп, кейіннен ҚХР Білім министрлігі тарапынан аккредиттелген жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналды. Осылайша, Шанхай қаласында ЕҰУ Түлектер қауымдастығы филиалының ашылуы түлектердің кәсіби қауымдастығын нығайтуға және университеттің Қытайдағы халықаралық қатысу аясын одан әрі кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
