
ENU- да салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті

ENU- да салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті
Биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 5000-нан астам студент тәмамдап, 286 білім беру бағдарламасы бойынша оқуын сәтті аяқтады. Олардың ішінде — 3812 бакалавр, 1055 магистр және 241 PhD докторы бар. Сонымен қатар, қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған 43 шетелдік студент диплом алды.
Ең көп түлек ақпараттық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары және сәулет-құрылыс факультеттерінен шықты.
Биылғы жылдың айрықша оқиғаларының бірі — жасанды интеллект, криптология, радиоэлектрондық құрылғыларды жобалау, IoT жүйелеріндегі электрониканы бағдарламалау сияқты заманауи және сұранысқа ие бағыттар бойынша алғашқы түлектердің бітіруі болды.
MBA және EMBA бағдарламаларына деген қызығушылық жыл сайын артып келеді — биыл бұл бағыттар бойынша 56 басқарушы маман оқуын аяқтады.
29 жыл ішінде университет 90 000-нан астам білікті маман даярлап, олар бүгінде мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, халықаралық ұйымдар мен жеке секторда жұмыс істеп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бітірушілердің 98%-ы жұмыспен қамтылғаны олардың еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.




